11 жасымда үйімдегі қуанышты дауыстан таңертең оянғаным әлі есімде. Әкем кішкентай, сұр радиосынан BBC жаңалықтарын тыңдайтын. Оны жүзінде сол кезде әдеттен тыс қуаныш бар еді. Әкем: «Талибандар кетті!» - деп айқайлап жіберді. Мұның не екенін түсінбесем де, әкемнің бақытты жүзін көрдім. Ол: «Енді сен мектепке бара аласың» - деді. Сол күнгі таңғы мезгілді ешқашан ұмытпаймын. Кәдімгі шын мектеп. Талибандар Ауғанстанды басып алып, қыздарға мектепке баруға тыйым салған уақытта алты жаста едім. Одан кейінгі бес жылда әпкемді мектепке апару үшін ұл болып киініп жүрдім. Елден құпия мектепке баратынбыз. Тек осылай ғана біз екеуміз де білім ала алатын едік. Біз күнде жүретін жолымызды өзгелер біліп қоймасын деп өзгертіп отырдық. Кітаптарымызды азық-түлік сөмкесіне салдық, сонда жай ғана дүкенге шыққан сияқты болып көрінетінбіз. Мектеп үйдің ішінде болатын, 100-ден аса адам кішкентай бір бөлмеде отыратынбыз. Қыста бұл ыңғайлы еді, ал жазда шыдау мүмкін болмайтын. Біз, ұстаздарымыз, ата-аналарымыз – бәріміз де өмірімізді тәуекелге тігіп отырғанымызды білдік. Кей кезде Талибандардың күдіктенуінен, сабақ болмай қалатын. Біз туралы біле ме екен деп уайымдайтынбыз. Бізді аңдып жүр ме? Біздің қайда тұратынымызды біле ме? Біз қорықтық, бірақ, сонда да мектепке барғымыз келетін. Білімді құрметтейтін, ал қыздарына қазынадай қарайтын отбасында туғаныма бақыттымын. Менің атам өз заманының ерекше адамы болатын. Ауғанстанның шалғай ауылынан шыққан абсолютті авантюрист, ол қызының, яғни анамның сабаққа баруын талап етемін деп, өз әкесінің қарсылығына тап болған адам. Осылайша менің білімді анам ұстаз болды. Міне, ол суретте. Ол 2 жыл бұрын жұмыстан шығып, үйімізді көрші қыздар мен әйелдерді оқыту үшін мектепке айналдырды. Менің әкем — міне ол — отбасындағы бірінші болып білім алған адам. Оның алдында қыздарды қоса алғанда, балалары білім ала ма деген сұрақ туған емес, Талибандардың қоқан-лоққысына қарамай, тәуекелге бел буып мектепке берген. Ол үшін балалары білім алмаса, сол қорқыныш болар еді. Талибандар басқарған жылдары өмірден көңілімнің қалғаны соншалық, үнемі қорқынышта болып, өз болашағымды мүлде елестете алмайтын кездер әлі есімде. Мен бәрін де тастағым келетін бірақ, әкем былай дейтін: «Мені тыңда, қызым, сен өміріңдегі бардың бәрін жоғалтуың мүмкін. Ақшаңды ұрлауы мүмкін, соғыс кезінде үйіңді де тастауға тура келеді, бірақ бір нәрсе өзіңмен қалады, ол сенің басыңдағы нәрсе, егер де сенің білім алуың үшін, бізге қан сатуға тура келсе, біз оған да дайынбыз. Сенің әлі де білім алғың келмей ме?» Қазір менің жасым 22-де. Мен ондаған жылға созылған соғыстың әсерінен қираған елде өстім. Менің жасымдағы әйелдердің 6%-дан азы ғана мектепті бітірді, егер де менің де отбасымда білім бағаланбаса, мен де солардың қатарында болар едім. Бірақ, осында тұрғаныма және Миддлбери колледжін бітіргенім үшін қуанамын. (Қол соғу) Ауғанстанға қайта келгенімде, қыздарына білім беремін дегені үшін, үй іші теріс айналған атам, мені құттықтағандардың алғашқысы болды. Ол тек қана менің білім алғаным үшін ғана емес, сонымен қатар Кабул көшелері бойымен оны машинамен алып жүрген, иә машина айдаған ең алғашқы әйел болғаным үшін де мақтанды. (Қол соғу) Отбасым маған сенеді. Көп нәрсені армандаймын, бірақ отбасым мен үшін үлкен нәрселерді тілейді. Міне, сондықтан да әйелдерді оқытуға бағытталған халықаралық 10х10 компаниясының халықаралық елшісімін. Міне, сондықтан да қыздарға әлі де мектепке бару қауіпті болып саналатын, Ауғанстандағы қыздарға арналған, SOLA мектеп-пансионы құрылтайшысының бірімін. Ең қызығы — мектебімнің осы мүмкіндікті жібергісі келмейтін оқушыларын көру. Әйелдің білім алуына қатысты теріс ойларға қарамастан, олардың ата-анам сияқты, қолдап отырған ата-аналарының, әкелерінің барын көріп отырмын Ахмед сияқты. Бұл оның шын аты емес, бірақ сіздерге оның жүзін көрсете аламаймын. Ахмед — оқушыларымның бірінің әкесі. Жарты ай бұрын, қызы екеуі ауылдарына SOLA-дан қайтып келе жатқанда, сол кезде жол бойына қойылған бомбаның жарылысынан қаза бола жаздады. Ол үйіне кіре салған бетте телефон шырылдап, арғы шетіндегі дауыс: "Егер тағы да қызыңды мектепке жіберсең, тағы да өлтіруге тырысамыз", - деді. «Егер өлтіргілерің келсе, қазір өлтіріңдер, бірақ, сендердің ескірген және артта қалған сенімдерің үшін қызымның болашағын құртпаймын», — деп жауап берді. Міне, менің Ауғанстанда түсінгенім осы, және Батыста бұл туралы көп айтылмайды Көбіміздің артымызда, өз қызының қадірін білетін, қызының жеңісі – өз жеңісі деп білетін әкелер тұр. Бірақ аналарымыз жеңіске жетуімізге көмектеспейді дегенім емес. Алғаш қыздарының болашағын ойлайтындар дәл осылар, бірақ Ауғанстан сияқты елде біз ер адамдардың қолдауына ие болуымыз керек. Талибандар басқарған кезде, мектепке баратын қыздар саны бар-жоғы бірнеше жүз болды, бірақ бұның заңсыз болғандығын ұмытпаңыздар. Қазіргі кезде Ауғанстанда 3 млн. қыз мектепке барады. (Қол соғу) Америкадан Ауғанстан мүлдем басқаша. Америкалықтар бұл өзгерісті уақытша деп ойлайды. Көп өзгеріс Америка әскері шығарылған соң, ұзақ уақытқа бармай ма деп қорқамын. Бірақ Ауғанстанға қайтып келген соң, мектебімде оқып жатқандар мен оларды қолдап, көтеріп отырған ата-аналарды көремін. ұзақ мерзімді өзгерістер мен келешегі бар болашақты көріп отырмын. Мен үшін Ауғанстан — үміт пен шексіз мүмкіндік елі және күн сайын SOLA оқушылары есіме осыны салып отырады. Мен сияқты, олар да көп нәрсені армандайды. Рақмет. (Қол соғу)